Жылу электр орталықтары 88,2%-ға дайын
Облыста алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір өңірдегі жылу электр орталықтарының 88,2 пайызы дайын. Жылу желілерін жөндеу, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды әзірлеу жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Ал көмір жеткізу мәселесі қалай шешіліп жатыр? Тақырыпты тілші тарқатады.
Өңірде қысқа дайындық жұмыстары қыза түсті. Облыстағы үш жылу электр орталығы бойынша жоспарлы жөндеу жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, негізгі жұмыстардың бір бөлігі қазандықтар мен турбоагрегаттарды әзірлеуге бағытталған. Сонымен қатар, жылу желілерін жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Өңірде жылу желілерін жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстардың 90 пайызы орындалды. Ал, электр желілерінің 670 шақырымына, 43 қосалқы станцияға және 77 трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, жылыту маусымының тағы бір маңызды мәселесі – көмір қоры. Коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін өңірге жеткізілетін көмірдің негізгі бөлігі халыққа бағытталған.
Самат Даиров, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 3 миллион 87 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде жылу көздеріне — 2 миллион 600 мың тонна, халыққа — 451 мың тонна, ал бюджеттік ұйымдарға 38 мың тонна құрайды. Облыс халқына және жылу көздеріне көмір жеткізу «Қаражыра» АҚ мен бірлесіп бекіткен кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде жылу көздеріне 467 мың тонна, халыққа 271 мың тонна, бюджеттік ұйымдарға 38 мың тонна көмір жеткізілді. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы көмір тұйықтарында 13 мың тоннадан астам көмір қоры бар.
Облыстағы 212 дербес қазандықтың барлығы жылыту маусымына дайын. Тұрғын үйлердің дайындығы 95 пайызға жетті. Жоспарланған 3047 көпқабатты тұрғын үйдің 2733-і әзір. Әлеуметтік нысандар бойынша да мәселе жоқ. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау нысандары жылыту маусымына толық дайын. Ал, сумен жабдықтау және су бұру желілеріндегі жоспарланған 20,3 шақырым жөндеу жұмысы түгел аяқталған. Өңірде газдандыру мәселесі де өзекті болып отыр. Осыған байланысты газдандырудың алдын ала схемасы әзірленіп, қажетті есептер мен құжаттар саралануда.
Досжан Ағыбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
Жалпы, газдандыру – өте өзекті мәселе. Басқарма облыстың газға деген жалпы қажеттілігін анықтады. Алдын ала есеп бойынша, өңірге жылына шамамен 2 миллиард текше метр газ қажет. Газдандырудың алдын ала схемасы да әзірленіп, қажетті есептер мен құжаттардың барлығы Энергетика министрлігіне жолданды. Қазіргі таңда министрлік өз құзыреті шеңберінде бұл мәселені қарастырып жатыр.
Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мамандардың міндеті – жылыту маусымы басталғанға дейін барлық нысанды толық әзірлеп, жылу мен отынның тұрақты берілуін қамтамасыз ету.
Фатима Тілейханқызы