Негізгі Жаңалықтар «ALTAI» телеарнасының техникалық әлеуеті артып келеді

«ALTAI» телеарнасының техникалық әлеуеті артып келеді

«ALTAI» телеарнасы техникалық мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Заманауи телеарна – жоғары жылдамдық пен сапалы жұмысты талап етеді. Осыған байланысты, арна жаңа заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі – аппараттық-студиялық блокты жөндеу. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін телеарна бір уақытта екі студиядан тікелей эфир жүргізе алады. Жаңарған нысанның жай-күйімен «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев танысты. Компанияның қолдауы студияны жаңартып, телеарнаның техникалық мүмкіндіктерін кеңейтуге сеп болды.

Аппараттық-студиялық блок – телеарнаның эфирді дайындап, тікелей трансляция жасайтын негізгі нысандарының бірі. Ұзақ жылдар бойы жөндеуді қажет еткен бұл орын бүгінде толық жаңартылды. Ендігі кезекте мұнда жаңа заманауи құрал-жабдықтар орнатылады. Аппараттық-студиялық блоктың жағдайы эфирдің сапасы мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Бағдарламаларды дайындаудан бастап, тікелей эфирге шығуға дейінгі барлық үдеріс осы жердегі техникалық мүмкіндіктерге байланысты. Жаңғырту жұмыстары телеарнаның жұмысын тиімді ұйымдастыруға ғана емес, тікелей эфир мүмкіндігін арттыруға да жол ашады. Жаңа құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін «ALTAI» телеарнасы бір уақытта екі студиядан тікелей трансляция жүргізе алады. Бұл жаңалық тікелей қосылымдар, арнайы жобалар мен ақпараттық шығарылымдарды әзірлеу кезінде үлкен мүмкіндік береді.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Мені әрдайым журналистер мен студияда еңбек ететін мамандардың жұмысына деген ынтасы қуантады. Осындай мамандардың жанып тұрған жанарлары сапалы контентті жасауға мүмкіндік береді. Біз бірнеше жылдан бері телеарнаға қолдау көрсетіп келеміз. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге, студияларды заманауи талаптарға сай етуге көмектесіп жатырмыз. Бүгін телеарна басшысы айтқандай, экрандағы бейне өте заманауи. Бірақ ғимаратқа келген кезде де сол заманауилықты ішкі кеңістіктен көргіміз келеді. Бірлесіп жүзеге асырған әр жобадан кейін телеарнаның келбеті де жаңара түсіп келе жатқанына қуаныштымын. 

Аппараттық-студиялық блоктағы жөндеу жұмыстары – техникалық жаңғыртудың алғашқы әрі маңызды кезеңі. Бөлме толық ретке келтірілген соң, мамандар жаңа құрал-жабдықтарды орнатуға кіріспек. Бұл жұмыстар ең алдымен телеарна қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, эфир дайындау үдерісін тиімді әрі сенімді етуге бағытталған.

Александр Коновалов, «ALTAI» телеарнасының бас инженері:

Биыл «Қазцинктің» және Андрей Павлович Лазаревтың қолдауының арқасында АСБ-1 бөлмесі жөнделді. Бұл біздің ұжым үшін үлкен көмек. Өйткені, бөлме ұзақ уақыт бойы жөндеуді қажет еткен еді. Қазір мұнда барлық жағдай жасалды. Енді біз екінші кезеңге өтіп, сатып алынған жаңа заманауи құрал-жабдықтарды орната аламыз. Олармен жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы әрі жеңіл болады. Мамандардың еңбек жағдайы да жақсарады. Жаңа техника – жұмысымызды жайлы әрі сенімді етіп, телевизиялық трансляцияларды дайындау мен өткізуді жеңілдетеді. Бұл біз үшін – алға жасалған үлкен қадам. 

Жаңғырту жұмыстары техникалық базамен ғана шектелмейді. Телеарнаның даму жоспары мен алдағы бірлескен жобалар да назарда. Андрей Лазарев «ALTAI» телеарнасының ұжымымен кездесіп, мамандардың жұмысымен танысты. Ашық форматтағы кездесуде техникалық жаңғыртудың қазіргі нәтижелері талқыланып, алдағы жоспарлар мен студияда жүзеге асырылатын бірлескен жобалар сөз болды. Жаңа техникалық база телеарнаның эфир мүмкіндігін арттырып қана қоймай, көрерменге сапалы әрі заманауи контент ұсынуға жол ашады.

Фатима Тілейханқызы

Бөлісу

Аймақтық телеарналар