«Торпедо» ХК - Қазақстан кубогының иегері
«Торпедо» хоккей клубы Қазақстан Кубогының иегері атанды. Команда финалда «Сарыарқа» клубын 8:2 есебімен ойсырата жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздарды Өскемен әуежайынан жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен күтіп алып, чемпиондарды құттықтады.
Өскемендік команда екінші жыл қатарынан ел Кубогын өзінің еншісіне жазды. Бұл – «Торпедоның» тарихындағы Қазақстан Кубогындағы сегізінші жеңісі. Спортшыларды қарсы алу рәсіміне «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев та қатысып, команданы кезекті жеңісімен құттықтады.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Кеше бүкіл қала ерекше қуанышқа бөленді десек артық емес. «Торпедоның» әр шайбасы өскемендіктерге зор қуаныш сыйлады. Бұл жеңіс – қала күні қарсаңында тұрғындарға жасалған тамаша тарту. Өйткені Өскемен – металлургтер мен хоккейшілер қаласы. Алдағы жексенбі күні сағат 13:30-да Спорт сарайында жанкүйерлермен кездесу өтеді. Қала тұрғындары кубокпен суретке түсіп, хоккейшілермен жүздесіп, көкейтесті ұрақтарын қойып, қолтаңба ала алады. Бұл – спортшыларды мұз айдынындағы ойыншы ретінде ғана емес, қарапайым, ашық-жарқын жандар ретінде жақынырақ тануға берілетін жақсы мүмкіндік.
Дегенмен, бұл жеңіс «Торпедо» үшін маусымның соңы емес. Команда алдағы кездесулерге дайындықты жалғастырып, жаңа міндеттерге назар аудармақ. Басты мақсат – қол жеткізген нәтижені сақтап қана қоймай, келесі ойындарда да жоғары деңгей көрсету.
Алексей Ждахин, «Торпедо» ХК бас жаттықтырушысы:
Бұл – қаламыз үшін үлкен жетістік әрі мәртебелі жүлде. Дегенмен, команданың алдағы міндеті бұдан да маңызды. Енді аздап тынығып, күш жинап, Қазақстан чемпионатына дайындықты жаңа қарқынмен жалғастыру қажет. Жекелеген ойыншыларды бөліп-жарудың қажеті жоқ. Бұл жеңіске бүкіл команда бір кісідей жұмылып жетті. Хоккейшілер алаңда жанкешті ойын көрсетіп, тактикалық тапсырмаларды сауатты орындады. Соның нәтижесінде лайықты жеңіске қол жеткізді.
Саян Данияр, «Торпедо» ХК капитаны:
Финалда бізге мықты қарсылас кездесті. Ойынға жақсы дайындалып, қарсыластың тактикасын талдадық. Алғашқы шайбаны жіберіп алсақ та, сағымыз сынбай, мінез көрсете білдік. Командалық рухтың арқасында есепті түзеп, жеңіске жеттік. Бұл – бір ойыншының емес, бүкіл команданың жеңісі.
Өскемендік клубтың жетістігі жеке марапатпен де толықты. Турнир қорытындысы бойынша «Торпедо» шабуылшысы Диас Гусейнов жарыстың үздік шабуылшысы атанды. Бұл – хоккейшінің жеке шеберлігіне берілген баға ғана емес, команданың жалпы нәтижесінің де көрсеткіші.
Диас Гусейнов, «Торпедо» ХК шабуылшысы:
Бұл турнирде сегіз шайба соғып, ең үздік ойыншы атану мен үшін үлкен мәртебе. Дегенмен, жеке көрсеткіштен бұрын команданың нәтижесі маңызды. Ең бастысы – ауызбіршілік пен бірлік. Біз әр кездесуде бір жұдырықтай жұмылып, бір команда болып ойнауға тырыстық. Қалғанының бәрі еңбектің арқасында келеді деп ойлаймын.
Осылайша, талайды таңдай қақтырған «Торпедо» ел кубогындағы кезекті жеңісін тойлап, тарихи жүлдені Өскеменге алып келді. Алдағы жексенбі күні Спорт сарайында жанкүйерлер спортшылармен кездесіп, жаңа кубокпен суретке түсе алады.
Нұртас Қайролдаев