Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші тұрақты
Биылғы жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші тұрақты. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиын барысында мәлім болды. Мәселен, болашағы зор салаларға инвестиция тарту, ауыл шаруышылығын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, құрлыс қарқынын бәсеңдетпеу және өнеркәсіп өнімінің үлесін арттыру маңызды. Бұдан бөлек туристік әлеуеті зор аудандарда туристерге қолайлы жағдай жасау, жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалануға айрықша мән беру керектігі айтылды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметі бойынша өңірде құрылыс саласында да жоғары өсім байқалады. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 3,4 пайызға артты. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,6 пайызға төмендеген.
Гүлшат Қорғанбекова, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының м.а.:
Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,9 пайызға өсіп, 346,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі бірден 23,7 пайызға артып, 285,1 млрд теңгеге жетті. Инвестициялар тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Ағымдағы жылы инвестициялық портфель аясында жалпы құны 62,3 млрд теңгені құрайтын, 1 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Ал, биыл агрокешенді дамыту Жолкартасы негізінде ауылшаруашылығы саласында құны 27 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 245 жобаға 4,5 миллиард теңге қарастырылған. Жыл басынан бері құны 2,7 миллиард теңге құрайтын 167 жоба мақұлданды. Бұдан бөлек, жиын барысында Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін кеңейтуге бағытталған агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы да талқыланды. Сүт-таурлы фермаларын салу және қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде бүгінде табысты жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар да бар. Мәселен, аймақта 2025 жылы сүт өндіру 8,9 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш биыл да сақталып отыр.
Жанат Көшерова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а.:
Жүйелі және ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Басқарма тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттік өтінім жолданды. Атап айтқанда, 2027 жылға – 18 млрд теңге, 2028 жылға – 15 млрд теңге және 2029 жылға – 15 млрд теңге көлемінде қаржы сұралды. Қаржыландыру көлемінің ұлғаюы АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асырудың тұрақты әрі жүйелі өсуін қамтамасыз етуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын одан әрі қайта өңдеуді дамытуға мүмкіндік береді.
Жиында аймақ басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған жобалардың уақтылы аяқталуы маңызды екендігін айтты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ауыл шаруашылығы басқармасы, Ертіс кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп биылғы жылға арналған пулға енгізілген жобалардың уақытылы қаржыландырылуын, қарыз алушыларды жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты сүйемелдеуді қамтьамасыз етіңіздер. Әрбір жоба бойынша қаражаттың мақсатты пайдалануына осы жобаның іске асыру мерзімдерінің қатаң сақталуына қарыз алушылардың міндеттемелерінің орындалуына бақылауды күшейтіңіздер.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – өңірдегі білім беру ұйымдарының 2026-2027 оқу жылына дайындығы болды. Жаңа оқу жылында өңірдегі 347 мемлекеттік және 7 жекеменшік мектепте 100 мыңнан астам бала білім алады. Оларға 11 580 педагог сабақ береді. OQU платформасы арқылы бірінші сыныпқа 9 037 бала қабылданды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударуда.
Қуат Оқасов, облыстық білім басқармасының басшысы:
ПМК есебінде 13200 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тұр. Оның ішінде 2801 мектепке дейінгі және 10399 ол мектеп жасындағы бала. Аталған санатты балаларға кешенді педагогикалық қолдау көрсету мақсатында облыста 29 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Өңірде білім беруді цифрландыруға көңіл бөлінуде. Қазір 347 мектепте IT-сыныптар жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында 25 мектепке химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндеріне арналған 35 мамандандырылған кабинет сатып алынды.
Салтанат Кеңесбекқызы