Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі қауіпсіздік күшейтілді
Аймақта жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл 9 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының мамандары мәлімдеді.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында білім беру ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға және балаларды қажетті құралдармен қамтамасыз етуге басымдық берілуде. Әсіресе мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыруға мән беріліп отыр. Мамандардың айтуынша, баланың ерте жастан білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі.
Бұлбұл Қозыбаева, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Ағымдағы жылы 350 жаңа орын ашылды, оның ішінде Өскемен қаласы мен Күршім ауданында 215 орындық 2 балабақша, жұмыс істеп тұрған балабақшаларда 135 қосымша орын құрылды. Жыл соңына дейін 470 орын ашу жоспарланған. Мектепке дейінгі білім берудегі қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмысы баланың келесі білім алу сатысына сапалы өтуімен жалғасады. Бұл ретте негізгі міндет – әрбір оқушыға сапалы білім алуға, өзінің қабілеті мен әлеуетін дамытуға қажетті жағдай жасау.
Оқу жылы басталғанға дейін білім беру нысандарындағы қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауды қажет етеді. Биыл профилактикалық бақылау аясында облыстағы 362 нысан тексеріліп, 2 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде өрт дабылының жарамсыздығы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жеткіліксіздігі және эвакуация жолдарына қатысты кемшіліктер бар.
Мадина Сейтқамза, ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:
Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 16-бабы 2-тармағына сәйкес ұйымдар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға міндетті. Сонымен қатар, Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес объектілердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету меншік нысанына қарамастан объектілердің меншік иелері мен ұйымдардың басшыларына жүктеледі.Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтарын жоймау өрттің туындауына, адамдардың қаза болуына және ірі материалдық залал келтіруге әкеп соғуы мүмкін екенін еске саламыз.
Жалпы, жаңа оқу жылына дайындық білім беру сапасы мен оқу жағдайын жақсартумен ғана шектелмейді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, анықталған кемшіліктерді уақытында жою және білім беру ұйымдарында тиісті талаптардың сақталуы да басты міндеттердің қатарында.
Бекарыс Энгельс