«Oskemen Night Run» марафоны өтті
Қала күніне орай «Oskemen Night Run» түнгі жүгіру марафоны өтті. Екі шақырымдық қашықтыққа 300-ге жуық қала тұрғыны қатысып, үздіктерді анықтады.
Облыс орталығында Қала күніне орай «Oskemen Night Run» түнгі жүгіру марафоны өтті. Екі шақырымдық қашықтықты бағындыруға қала тұрғындары белсене қатысты. Жарыстың ең жас қатысушысы – 18 жаста болса, ең үлкені – 78 жаста. Осылайша спорттық шара әр жастағы қала тұрғындарын бір алаңға жинады.
Елена Самсонова, жарысқа қатысушы:
Менің жасым 65те. Өмір бойы жүгіріп келемін. Жеңіл атлетикамен айналысамын. Бұл менің сүйікті спорт түрім. Жүгіруді қалай жақсы көретінімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бүгінгі марафон кешкі уақытта өткені жақсы болды, әдетте марафондар таңертең өтетін. 2 шақырым деген жақсы қашықтық, тым қысқа да емес, тым ұзақ та емес.
Қатысушылар үшін жарыстың қауіпсіз өтуін Полиция басқармасының қызметкерлері қамтамасыз етті. Марафон жеңімпаздары құр алақан қайтпады.
Нәбия Ақиқат, Өскемен қ. дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің туризмді дамыту секторының меңгерушісі:
Жалпы қашықтық 2 шақырым. 18 жастан асқан адамдар қатыса алады. Жалпы қатысушылар саны 300 ге таяп тұр. Жеңімпаздраға бізде қаржылай сыйақы қарастырылған. Жалпы жүлде қоры 900 мың теңгені құрайды.
Жарысқа қатысушылар жас ерекшелігіне қарай екі санатқа бөлінді. 18 бен 40 жас аралығындағы және 40-тан жоғары. 18-40 жас санатында әйелдер арасында Шынар Троцюк топ жарса, Кристина Каримова мен Маргарита Рудовалова жүлделі орындарға ие болды. Ерлер арасында Еламан Бошанов 6 минут 50 секундта 2 шақырымды бағындырып, жеңімпаз атанды. Ал 40 жастан жоғары санатта әйелдер арасында Индира Оспанова үздік шықты.
Еламан Бошанов, жарыс жеңімпазы:
Биылғы жылы Өскемен жартылай марафонында 9 орын алдым. Екібастұз жартылай марафонына қатысып, 4 орын алдым. Риддер қаласындағы ашық біріншілікте 3 орынға ие болдым. Ұйымдастыру жағына келетін болсақ, барлығы керемет, бәрі ойдағыдай өтті.
Түнгі марафон тек жеңімпаздарды анықтаған жарыс емес, қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тартқан ауқымды шараға айналды. Қала күніне орай ұйымдастырылған спорттық кеш өскемендіктерге сергектік сыйлап, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосты.
Бекарыс Әмірбек