Ауыл шаруашылығының әлеуеті
Шығысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Катонқарағай ауданына арнайы барып, марал шаруашылығының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. «Баян» пантамен емдеу кешенінде саланы дамыту мәселелері талқыланған конференция өтті. Жиынға елімізде марал шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген мамандар мен кәсіпкерлер, сондай-ақ көршілес Ресейден келген сала сарапшылары қатысты.
Конференция барысында марал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өткізу нарығын кеңейту және шаруашылықтарды қолдау тетіктері де қаралды. Сондай-ақ вице-министрге панта өнімдері таныстырылды.
Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Биылдан бастап мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес Үкімет марал шаруашылығынада жеңілдетілген кредит беруді бастады. 5%-бен айналым қаражатын беріп жатырмыз 12 айға. 7 жылға 6%-бен марал сатып алуға жәрдем беріп жатырмыз. Осының барлығын талқылап, олар өз ұсынастарын айтты. Әрмен қарай біз осы саланы қалай дамытамыз соны талқыладық. Енді ауыл шаруашылығы министірлігі осы жинаған ұсыныстарды алып барып ұсыныстарды талқылап, үлкен нәтиже шығарып, қайта келіп, істелген жетістіктерді баяндайтын боламыз.
Катонқарағайдың табиғаты пантамен емдеу мен сауықтыру туризмін дамытуға қолайлы. Таза ауа, шипалы өсімдіктері мен таулы өлкенің ерекше климаты бұл бағыттың мүмкіндігін арттыра түседі. Осы орайда Республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаров мұндай кездесулердің сала өкілдері үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Нұрлан Тоқтаров, республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы:
Бұл конференцияға біздің марал шаруашылығының басшылары бүкіл облыстан жиналып, осы жерде өз пікірлерін бәрін айтып, көрсетіп, өнімдерін айтып, келешекте қандай қиындық бар соны шешу жолдары айтылды.
Конференция соңында марал шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген сала үздіктері марапатталды. Оларға арнайы алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды.
Дариға Исабаева, «Баян» пантамен емдеу кешенінің директоры:
Марал шаруашылығымен 18 жыл болды айналысып келемін. Бүгін өте керемет іс шара өтті. Бізді ауыл шаруашылығы министрлігінен төсбелгімен бүгін марапаттады. Мен «Құрмет» грамотасын алдым. Сондықтан өте қуаныштымын.
Бұдан бөлек, вице-министр Алтай ауданындағы бірқатар нысанның жұмысымен танысты. Тұрғысын ауылында салынып жатқан заманауи сүт фермасының құрылысын көріп, жобаның барысын бағамдады. Сондай-ақ жаңа ветеринариялық пунктті аралап, мамандарға мал ауруларының алдын алуда санитариялық талаптарды қатаң сақтаудың маңызын ескертті.
Кәусар Идаятқызы