Білім саласына жаңа міндеттер қойылды
Жаңа оқу жылына дайындық және білім сапасын арттыру. Өскеменде өткен Тамыз конференциясында осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды. Өңірде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды кеңейту, білім беру инфрақұрылымын жаңарту және педагог жұмысын жеңілдету үшін цифрлық технологияларды енгізуге басымдық берілмек. Жиында мұғалімдердің кәсіби дамуы мен еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Толығырақ тілші сюжетінде.
Кеңесте білім сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды кеңейту және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Өңірде бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылған. Биылдың өзінде 350 жаңа орын ашылып, екі жекеменшік балабақша пайдалануға берілді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кезек мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бұл, ең алдымен, Өскемен қаласына қатысты. Бүгінде қала бойынша кезекте 1 030 бала тұр. Білім басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жаңа орындар ашу және кезекті қысқарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырамын. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалануға және жеке инвесторларды тартуға ерекше назар аудару қажет. Жаңа оқу жылына дейін Риддер қаласында «Қазцинк» ЖШС-нің қолдауымен салынған 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта Зайсан, Марқакөл және Күршім аудандарында жалпы сыйымдылығы 350 орын болатын тағы төрт мектептің құрылысы жалғасуда. Биыл 48 білім беру нысанын жөндеуге 2 млрд. теңге жұмсалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Республикалық тамыз конференциясында педагогтерді қағазбастылықтан, артық есеп пен нәтижесіз тексерістерден түбегейлі босатуды тапсырған болатын. Бүгінде бұл міндетті жүзеге асыруға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары да ықпал етіп отыр.
Гүлнұр Қайынбаева, «Mektep AI» платформасының әдіскері:
Біздің платформада ҚМЖ жасауға болады, презентация көптеген генерациялар бар. Сабақты фото арқылы тексеру де бар. Балалардың қызығушылығын арттыратын қазақи нақышта және заманауи ойындар тізімдері бар. Шығыс Қазақстанда Өскеменде 3 мектеп және Тарбағатай ауданы бар. Бұдан бөлек мұғалімдер де қолданады олар 50 мыңнан астам мұғалімдер біздің платформамен қолданады.
Бұдан бөлек Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен байланысын күшейтуге де басымдық берілді. Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік арқылы студенттердің практикалық дағдыларын арттыру және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау көзделген.
Сұңқар Асқаров, «Риддер колледжі» КМҚК директоры:
Биылғы оқу барысында қойылған негізгі мақсаттар мен талаптар бар. ШҚО бойынша 37 колледж жұмыс істейді 20 мыңнан астам түлек оқиды. Колледждерде негізгі мамандықта өнеркәсіпке бейімді мамандар дайыындау және өнер кәсіп саласымен тығыз байланыста.
Жиын қорытындысында педагогтарға жаңа оқу жылында білім сапасын арттыра түсу, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу және заманауи талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыру міндеттері қойылды.
Нұртас Қайролдаев