Кеншілер күні
Елде жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде Кеншілер күні аталып өтеді. Бұл - жер қойнауы байлығын игеріп, елдің өндірісі мен энергетикасының дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетуге арналған мереке. Глубокое ауданында да кәсіби мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кеншілердің еңбегі ұлықталды. Атаулы күнге орай үздік мамандар марапатталып, мерекелік шаралар өтті.
Мерекелік бағдарламаны «KAZ Minerals» компаниясы ұйымдастырды. Мәдениет үйінің маңына жиналған жұртшылық үшін түрлі мәдени және ойын-сауық шаралары ұсынылды.
Ал, ересектер үшін сауда орындары мен демалыс аймақтары ұйымдастырылды. Мерекелік алаңда тұрғындар бас қосып, көтеріңкі көңіл-күйде уақыт өткізді. Кеншілердің кәсіби мерекесімен Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов құттықтады.
Эльдар Тумашинов, Глубокое ауданының әкімі:
Ең алдымен, кентіміздің барлық тұрғындарын осындай тамаша мерекемен – кеншілер күнімен құттықтаймын. Абыройлы еңбектері үшін алғыс айтамын.
Ертіс кеніші – талай жанұяны жұмыспен қамтып, ұрпақ сабақтастығын жалғап келе жатқан орталық. Сондықтан мұндағы тұрғындар Кеншілер күнін ортақ мереке ретінде қабылдайды.
Роман Хан, «Востокцветмет» ЖШС Ертіс кенішінің директоры:
Кенші күні – халықаралық мереке. Одардың жұмысы өте ауыр, ал бұл кәсіпті таңдаған адамдар өте мықты әрі төзімді келеді. Биылғы мерекенің жөні бөлек. Өйткені биыл қатысушылардың саны былтырғыдан екі есеге көп. Мереке де әлдеқайда қызықты өтіп жатыр.
Мерекелік шара барысында өндірісте үздік нәтиже көрсеткен мамандар марапатталды.
Руслан Закарьянов, «Востокцветмет» ЖШС Ертіс кенішінің тау-кен қазушысы:
Осы салада жұмыс істегеніме 24 жылдан асты. Жақсы бәрі. Осылай елеп-ескеріп жатқанына шахтерларды өте қуаныштымын. Ағаларым бәрі шахтер. Осылай жемісін көріп, жігіттеріміз аман болып, еліміз тыныш болып жүре беруімізге тілектеспін.
Саясат Утеулин, «Востокцветмет» ЖШС Ертіс кенішінің тау-кен қазушысы:
Кенші даңқы орденімен марапатталдым. 25 жыл еңбектің арқасы болар. барша шахтерларды құттықтаймын. Әрқашан үйлеріне береке, табыс әкеліп, дендері сау болып, еңбек қауіпсіздігін сақтап, бастары аман, дендері сау болып, отбасыларына оралғанын қалаймын.
Жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Кеншілер мен олардың отбасылары ән тыңдап, би билеп, мерекелік кештің көркін қыздырды. Шара соңында отшашу көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кәусар Идаятқызы