Негізгі Жаңалықтар Музыкалық кеш өтті

Музыкалық кеш өтті

Өскеменде ашық аспан астында ерекше музыкалық кеш өтті. Облыстық драма және оперетта театрының шығармашылық ұжымы классикалық шығармалар мен көпшілікке танымал әуендерді орындады. Кеш барысында театрдың оркестрі, хоры мен балеті өнер көрсетіп, көрерменге вокалдық және хореографиялық нөмірлер ұсынды. 

Облыс орталығы әуезді ән мен жанды музыкаға бөленді. Ашық аспан астында өткен жазғы кеште өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сахнадағы әсерлі қойылымдар кештің көркін қыздырып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше музыкалық атмосфера сыйлады.

Абай Қайырбек, облыстық драма және оперетта театрының солисі:

Бүгінгі кеш өте әсерлі өтеді деген сенімдеміз. Себебе репертуарымыз өте қызықты. Халыққа да ұнайды деп сенеміз. Себебі білеміз бізге халықтың қаншалықты келетінін. Айтарым- қала күні бүкіл Өскемендіктерге құтты болсын. Қаламыз жасай берсін, еліміз жасай берсін! 

Өнерпаздар көрерменге өздерінің шығармашылық тартуларын ұсынып, Қала күніне арналған кештің сәнін келтірді. 

Юлия Юрочкина, облыстық драма және оперетта театрының солисі:

Өскемен қаласының барша тұрғындары мен қонақтарын Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз сіздер үшін жаңа күш-жігермен еңбек етіп, шығармашылықпен қызмет етуге дайынбыз. 

Өнер кешіне қала тұрғындарымен қатар мәдениет саласының өкілдері де жиналды. Көрермендер үшін мұндай формат – театр өнерін әдеттегі сахнадан тыс тамашалап, классикалық музыкамен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді

Жасұлан Каденов, дизайнер:

Мен ойлаймын, осындай үлкен іс-шаралар көп бола берсін. Ол адамдарға мәдениетті жіне рухани мәдениетті үйретеді. 

Ашық аспан астындағы музыкалық кеш қала күніне арналған мәдени бағдарламаның мазмұнын толықтырды. Жанды дауыс, оркестр үні мен сахнадағы көркем қойылымдар көрерменге жазғы кештің ерекше атмосферасын сезіндірді. Мұндай мәдени жобалардың жалғасуы қаланың рухани өмірін жандандыра түспек.

Бекарыс Энгельс 


Бөлісу