Еңбек қауіпсіздігі басты назарда
Өңірде өндірістегі тәуекелдерді азайту үшін биыл 603 ескірген жабдық пен технологиялық желіні ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар өңірдегі 45 кәсіпорын «Нөлдік жарақат» халықаралық тұжырымдамасына қосылды. Осы және өзге де ақпараттарды Өңірлік комуникациялар алаңында өткен брифингте ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат мәлімдеді.
Аймақ экономикасының негізгі бағыттарының бірі – тау-кен және металлургия өнеркәсібі. Өңірде 354 қауіпті өндірістік нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 46 тау-кен, 19 химия және 8 металлургия кәсіпорны бар. Өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі – техникалық жаңғырту. 2026 жылға арналған жоспар бойынша пайдалану мерзімі аяқталған 603 жабдық пен технологиялық желі ауыстырылады.
Исатай Ансат, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Өңірде өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі – кәсіпорындарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру. Екіншісі – ішкі бақылауды күшейтіп, ғылыми-техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету. Үшіншісі – цифрлық технологияларды енгізу және адам факторының әсерін азайту. Бұл бағыттардың барлығы өндірістегі тәуекелдердің алдын алып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Өндірістегі тәуекелдерді азайтуда цифрлық технологиялардың үлесі артып келеді. Кәсіпорындарда қызметкерлер мен техниканың орналасуын бақылау жүйелері енгізілуде. Шахталар мен кеніштер авариялық хабарлау, байланыс, автоматты өрт сөндіру және қашықтан басқару құралдарымен жабдықталуда. Бұл технологиялар жұмысшылардың қауіпті аймақта болу уақытын азайтып, адами факторды төмендетуге мүмкіндік береді.
Исатай Ансат, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Қазіргі цифрлық технологиялар өндірістік үдерістерді бақылаудың тиімділігін арттырып, автоматтандыру және қашықтан басқару арқылы жұмысшылар үшін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді. Цифрландыру бақылауды жеделдетіп, қызметкерлердің қауіпті аймақта болуын барынша азайтады және адам факторын төмендетеді. Сонымен қатар 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда. Оның негізгі мақсаты – өндірістегі оқиғалардың салдарымен күресуден гөрі, кәсіби тәуекелдерді алдын ала анықтап, басқаруға көшу.
Еңбек қауіпсіздігін күшейтудің тағы бір бағыты – өндірістік қауіптердің алдын алу. Өңірдегі 45 кәсіпорын «Нөлдік жарақат» – Vision Zero тұжырымдамасына қосылған. Ал «Халықтық бақылау» жобасы 14 кәсіпорында жүзеге асуда. Жобаға денсаулығына байланысты жеңіл еңбек жағдайына ауыстырылған 64 жұмысшы тартылған. Бұдан бөлек, облыста жұмыс берушілер мен қызметкерлерлерден құралған 679 өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау кеңесі жұмыс істейді. Олардың міндеті – жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылап, еңбек жағдайларын жақсартуға ұсыныстар енгізу.
Нұртас Қайролдаев