«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Күршімде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Биыл байқауда өңірдегі 163 отбасы бақ сынаған. Салтанатты шарада аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары марапатталып, облыс бойынша үздік үш отбасы анықталды. Облыстық кезеңнің бірінші орын иегеріне – 600 мың, екінші орынға – 500 мың, ал үшінші орынға 400 мың теңге көлемінде сертификат берілді.
Берекесі мен бірлігі жарасқан өнегелі отбасылар Күршімде бас қосты. «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне 13 шаңырақ жолдама алған. Олардың әрқайсысы – отбасылық құндылықты дәріптеп, еңбегімен елге үлгі болып жүрген жандар. Байқаудың мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеу.
Айдар Садырбаев, Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл, дейді хакім Абай. Біздің мақсатымыз – Мемлекет басшысы ұстанып отырған саясатын, елімізде неғұрлым ұйысқан, өнегелі, берекелі отбасыларды насихаттау.
Облыстық кезеңде үшінші орын Құрмашевтер отбасына бұйырды. 33 жылдық отбасылық тарихы бар шаңырақ бес қыз тәрбиелеп отыр. Екінші орынға Үлкен Нарын ауданынан келген Қамбаровтар отбасы лайық деп танылды. Төрт бала тәрбиелеп отырған интернационалдық шаңырақ татулық пен өзара сыйластықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ал, бас жүлде Күршімдік Мәденовтар отбасына берілді. Мәденовтар әулетінің отбасылық тарихы жарты ғасырдан асады. Ұлағатты ұстаз Шаурахмет пен Гүлжанат Мәденовтар бес перзент тәрбиелеп, бүгінде он алты немере сүйіп отыр. Өнегелі әулет қайырымдылықпен айналысып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады.
Шаурахмет Мәденов, ардагер ұстаз:
Өте толқып тұрмын. Өйткені, өте қуанышты күн. Осы жетістікке жетудің өзі нақты істі, барлығы бар, нағыз жеңіс деп есептеймін. Әріптестерімді жеңісімен құттықтаймын! Марапаттарымен құттықтаймын!
Биыл облыстық кезеңге қатысқан отбасылар арасында көпбалалы шаңырақтармен қатар, түрлі салада еңбек етіп жүрген, қоғамдық өмірге белсенді араласатын отбасылар да бар. Мәселен, Өскемен қаласының атынан Қайрат отбасы жеңімпаз атанды. Ал, Алтай ауданынан келген Пантелейчуктер отбасы отыз жылға жуық уақыттан бері бір-біріне сүйеніш болып, екі ұлын тәрбиелеп өсірген. Катонқарағайдан Серікқалиевтер, Тарбағатайдан Слямбековтер, Шемонаиха ауданынан Синельниковтер, Ұлан ауданынан Тоқпаевтар, Марқакөлден Бұқановтар және Зайсан ауданынан Аубакировтар отбасы да аудандық кезеңде үздік атанып, облыстық марапатқа ие болды.
Ләззат Аубакирова, Аубакировтар отбасының мүшесі (Зайсан ауданы):
Ұстаздар әулетінен шыққанбыз. Ата-аналарымызда ұстаздар болған. Сол дәстүрді жалғастырып, ұстаздық қызмет атқарамын. Биыл 45 жыл болды. Үш бала тәрбиеледім. Үш балам да мектепті алтын белгіге бітірді.
Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Сайраш Тоқпаева, Тоқпаевтар отбасының мүшесі (Ұлан ауданы):
Мерейлі отбасына қатысқанымызға қуаныштымыз. Мерейлі отбасы – мықты мемлекеттің тірегі. Елімізде осындай отбасылар көп болсын. Қазақстанымыз өсіп, өркендей берсін! Біздің отбасы ұлттық спортқа, ұлттық өнерге көңіл бөліп отырмыз.
Ынтымағы жарасқан отбасы – елдің ырысы. Ал өнегелі шаңырақтың әрбір жетістігі – келер ұрпаққа қалатын құнды мұра. Салтанатты шара соңында Күршім ауданының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Фатима Тілейханқызы