Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін реформалау қоғамда біраз дау тудырды. Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларға демалыс және мереке күндері қарала алмайсың. Маман тапшылығы да сезіледі. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жәйі де мәз емес. Жедел жәрдем уақытында келмейді. Осы және өзге де мәселелер облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау бойынша сараптамалық тобы отырысында талқыланды. Өңірдің медициналық мекеме қызметкерлері, депутаттар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдары өкілдері қызу пікірталас барысында өз көзқарастарын қорғай білді. Айтуларынша денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістер халыққа медициналық қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді. Ал ем алушылардың көтерген мәселелері, яғни медицина саласындағы олқылықтар науқастардың өз жауапкершілігінде-мыс. Мысалы, қазіргі уақытта созылмалы үш диагнозы бар науқастарға ауруларын басқару бағдарламасы енгізілуде. Алдағы уақытта қатысушылардың пайызы да ұлғая бермек. Жиында аудандардағы медициналық пункт жетіспеушілігі де сөз болды. Қоғамдық ұйым өкілдері алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінің үнемі өзгеріп отыратын сынға алды. Кездесу қызу талқымен аяқталды. Жиын барысында көбі тегін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы туралы сұрақты көтерді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі артық жүктемені азайтуды ұсынды. «Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізіп отырған саясаты дәйекті емес, үнемдеу мен оңтайландыру барлық жүйеге кері әсерін тигізіп жатыр» деген пікір жиын қатысушыларының ортақ ойы. Ұсыныстар облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданатын болады. Қажет болса министрлікке де жіберілмек.