Бірінші қаңтардан бастап барлық жеке кәсіпкерлер онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолдануға міндеттелді. Бұл туралы ҚР Салық кодексінің 166 бабында айтылған. Кәсіпкер ең алдымен бақылау-кассалық аппаратын алып, оны салық органына тіркеуі қажет немесе гаджеттер арқылы жүзеге асыруға болатын онлайн бағдарламаларды да қолдануға болады. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің реестрінде кассалық аппараттардың 238 түрі тіркелген. Оның ішінде 83 моделінде деректерді тіркеу және беру қызметтері бар. Мамандардың айтуынша, бұл істе тұрғындар да белсенділік таныту керек. Алған тауар үшін немесе көрсетілген қызмет үшін түбіртек талап етуге құқылы. Бүгінде көпшілігіне таныс қолданыстағы қағаз түбіртектерден бөлек бұл процесті бағдарламалық онлайн касса көмегімен іске асыруға болады. Азаматтар бақылау-кассалық аппараттарының қызметін тегін және ақылы қолданады. Олардың қызметі бірдей болғанымен қосымша функциялары мен ыңғайлығына қарай бағасы әр түрлі. Ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан міндеттелген кассалық аппарат алмаған кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылады. Бұған қоса, тұтынушыға түбіртек берілмесе немесе түбіртек бірнеше қайтара берілсе және ондағы сомма қате жазылған болса айыппұл салынады.