Ұлттық тағамдардың арасынан талқанның орны ерекше. Бұл күш беретін құнарлы тағам ғана емес, емдік қасиеті мол азық. Әсіресе балаларға, жүкті әйелдер мен қарт адамдарға пайдасы зор. Талқан күш-қуат берумен қатар, қартаю үрдісін баяулатады,- дейді дәрігерлер. Қала тұрғыны - Асылғазы Нұрахметұлы отбасымен ұлттық тағамдарды пайдаланғанды жөн көреді. Оның арасынан ешқандай қоспасыз дайындалатын талқанды тұтынады. Семейде осы ұлттық тағам түрін өндірумен шұғылданатын компания да бар. Нарыққа енгеніне 10 жылдан асқан. Тамақ өндірісінде өнімнің 100-ден астам түрін шығаратын фирма әсіресе ұлттық тағамдарға баса назар аударады. Оның ішінде талқанның орны ерекше. Мұнда ұлттық өнім, таза бидайдан жуылып, кептіріледі. Табиғи өнім қуырылып, арнайы өндірістік диірменде ұнтақталады. Айта кетерлігі, талқанның бағасы кез-келген тұтынушы үшін қолжетімді. Талқан – қазақтың ұлттық тағамы. Ол тары бидай, сұлы сынды жармалардан жасалатындықтан құнарлы, дәруменге бай тағам ғана емес, емдік қасиеті мол азық. Қазіргі уақытта дәрігерлер ковидтің алдын-алуда тек санитарлық талаптарды сақтап қана қоймай, құнарлы тамақтанудың қажет екенін айтады. Олардың келтіруінше, талқанның құрамында холин деген зат бар. Бұл асқазан-ішек жолдарының дұрыс жұмыс істеуіне және бауырдың улы заттарды ағзадан шығаруына әсерін тигізеді. Бұған қоса талқанның құрамында ағзаның зат алмасуына қатысатын кальций, фосфор, магний, селен сынды әртүрлі микроэлементтер бар. Сондықтан, ұлттық тағамның күнделікті ас мәзірінде болғаны жөн.