Өскеменде сейсмикалық қауіпті бағалау мақсатында жер қыртысы қалыңдығын инженерлік, геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары басталды. Сейсмолог мамандардың айтуларынша, облыс орталығы жер сілкінісінің магнитудасы 7 баллға дейін жетуі мүмкін аймақ қатарына жатады. «Жоба 2021-2024 жылдары «Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттырудың шаралар кешені» Жол картасын іске асыру шеңберінде өтуде. Қаладағы геофизика орталығында жердің әрбір қарысы мұқият тексеріледі. Мамандар жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін шаһардың сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеуде пайдаланады. Жыл аяғына дейін тектоникалық құрылымдарды нақтылау бойынша мұндай аспаптық зерттеулер жалғаспақ. Қазір ғалымдар Аблакетка шағын ауданын зерттеуде. Атап өткендей, сырттай қарағанда оңай көрінетін істің маңызы зор. Зерттеу нәтижесінде қаланың сейсмикалық қауіпті аймақтарын анықтауға болады. Сондай-ақ, ескі ғимараттарда сейсмоберіктендіру жұмыстарын бастауға септігі мол. Бұған қоса жыл ішінде қала мен аудандарда сейсмикалық белсенділікті анықтайтын датчиктер орнатылмақ. Сондай-ақ, мамандар биыл облыстың сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеу үшін мәліметтер жиналатынын айтады.