Өткен демалыс күндері Өскеменде Күршім ауданының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Нарықтық бағадан әлдеқайда арзан өнімдер «Fresh market» гастрономының алдында жапа-тармағай сатылып кетіп жатты. Жері шұрайлы өлкенің өнімдері де сапалы. Жыл сайын өтіп тұратын шаруашылық жәрмеңкесін қала тұрғындары да асыға күтеді. Ауданның ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызовтың айтуынша, жәрмеңкеде өнімдер қала базарының нарығындағы тауардан 10-15 пайызға төмен бағада сатылған. Күршімнің бренді аталатын балық өнімдерін де жұрт талап алуда. Жәрмеңкені өткізуге ауданның 12 ауылдық округінен 36 шаруа қожалығы мен кәсіпкерлер белсене қатысты. Жалпы сомасы 22 млн-нан астам қаржыны құрайтын ауылшаруашылығы өнімдері ұсынылды. Солардың ішіндегі ең өтімді болғандарының бірі Марқакөлдің өнімдері. Сатушы да сатып алушы да дән риза. Дәстүрлі шара халыққа арзан әрі табиғи ауыл өнімдерін ұсынып қана қоймай, саудагерлер үшін де тиімді. «Алтай» шаруа қожалығы атынан келген Зәуреш Озарбаева осылай дейді. Айта кетейік, ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының сөзінше, жәрмеңке қазан айының соңында тағы да жалғасын табатын болады.