Облыс орталығында екінші деңгейлі банктерге тиесілі банкоматтар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ресми деректер бойынша, бұл қондырғыларда ақшаның қоры жеткілікті. Оның үстіне қазір қолма-қол және арнайы қосымшалар арқылы төлем жүргізуге толық мүмкіндік бар.

Ғаламтор желісін уақытша өшіруге байланысты бірнеше күн бұрын аймақта POS-терминалдардың, мобильді қосымшалар мен банкоматтардың жұмысында қиындықтар болған еді. Алайда, қазір облыста жағдай тұрақталып, банктердің барлық жүйесі қалыпты режимде жұмыс істей бастады. Банкоматтар қолма-қол қаражатпен қамтамасыз етілді. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Думан Есдәулетұлының сөзінше, аймақтағы теңге айналымы ретке келтірілді.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, өңірдегі қаржы жүйесі қалпына келді. Тек, қазіргі жағдайды ескерек отырып, екінші деңгейлі банктер банкоматтарды қаражатпен толықтыру жұмыстарына бірқатар өзгерістер енгізді.

Ал дәл қазір тұрғындар әдеттегідей қосымша арқылы есеп айырысып, мобильді төлемдер және басқа да қажетті операцияларды жүргізе алады. Сондай-ақ, басқа да коммерциялық банктердің мобильді қосымшаларын қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.