Облыста халыққа қызмет көрсету орталықтары әдеттегі кесте бойынша жұмыс істеуде. Таңғы сағат 9:00 ден кешкі 18:00-ге дейін азаматтар белгіленген тәртіп бойынша қызмет түрлеріне жүгіне алады.

Шығысқазақстандықтар үйреншікті өмірге қайта оралды. Тұрғындар бұрынғыша ХҚКО қызметтерін пайдалана алады. Барлығы аймақта 22 ХҚКО мен 10 өзіне-өзі қызмет көрсету орны жұмыс істеп тұр. Ал, Өскемен қаласы бойынша Белинский 37а, Сәтпаев 34/2, Қазақстан 99/1 көшелерінде орналасқан ХҚКО-ның мекемелері штаттық режимде өз жұмысын бастады.

Жұмыс уақытының бірінші күнінен бастап ХҚКО-да адам толы. Олар мемлекеттік қызметтерді алуда ешқандай қиындық жоқ екенін растайды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда үйден шықпай-ақ e-gov.kz порталы және кез-келген телефоннан «1414» санын теру арқылы тегін ақпарат алып, қызмет түрін пайдалануыңызға болады.