Әскер қатарына енді алынған жас сарбаздар алғаш рет түзету колониясын күзетеді.  Ұлттық ұланның  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 66/99 әскери бөлімінің жауынгерлері қазіргі уақытта тәжірибеден өтуде. Олар Өскемендегі 156/3 түзету мекемесінің талап-ережелерімен танысып, аға буын өкілдерінен сабақ алуда.

Алмат Бақытбекұлы әскери борышын өтеуге Алматы қаласынан келіпті. 20 жастағы сарбаздың  діттеген ойы ел алдындағы міндетін абыроймен өтеу. Өзіне артылған жауапкершілік жүгін қайыспай көтеріп шықсам дейді. Командирлердің бұйрығын қалтқысыз атқаруды  жетістік көреді.

Мұндағы ұландар еліміздің әр өңірінен келген. Жас сақшылар қазіргі уақытта қару-жарақты қалай қолдану керектігін үйренуде. Колония ережесімен танысып, түзету мекемесі қызметкерлерінен сабақ алуда. Жас жауынгерлерге бұл жерде күніне үш мезгіл ыстық ас беріледі. Сондай-ақ, жылы киім, басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етіліп отырады.

Ұлттық ұланның  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөліміне осы шақырылымда 200-ге жуық сарбаз жіберілген. Олар қазіргі таңда Өскемен, Шемонаиха қалаларындағы түзету мекемелерін күзетеді. Алғаш рет қарауылдық қызметке түскен өрендер үшін бұл үлкен сын, жауапкершілік дейді.

Мұндағы сарбаздардың басты міндеті түзету мекемесіндегі тұтқындарды бақылау. Ішке басы-бөтен артық зат өткізбеу.