Глубокое кентінде "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Алдыңғы жылы мұндай жанұяларға облыстық бюджет қаражаты есебінен 280 млн.теңге бөлініп, құрылыс басталған еді. Мәселен, 2020 жылы 60 пәтер кілті табысталған. Оның 15-і көпбалалы отбасыларға, 12-сі жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандарға және 33-і әлеуметтік аз қамтылған топтарға берілген. Жұмыс өткен жылы да, биыл да жалғасын тапты.
Шығыс Қазақстанда құрылыс қашан да қарқынды. 2021-де жергілікті билік өкілдері өңірде 11 мың пәтер салуды жоспарлаған болса, биыл оның саны тағы артпақ. Тұрғын үйлердің басым бөлігі көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен мемлекеттік қызметкерлерге берілмек. Ресми деректерде тек 2021 жылы, Шығыс Қазақстанда 1 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүзеге асқаны мәлімделген. Соның бір мысалы Глубокое кентіндегі үйлер. Құрылыс учаскесінің басшысы Қанат Мұқанның айтуынша, бұл үйлер де уақтылы пайдалануға берілу мерзімінен кешікпейді. Жұмыстың жартысынан көбі атқарылды.
Аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Эльдар Идрышев бүгінде Глубокое ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтардың саны 884-ті құрайтынын айтады. Олар көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар.
Айта кетейік, осы жылы кенттегі үйлер бұрынғыдай аудандық комиссияның шешімімен емес, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жинақтық бағдарламасы негізінде берілетін болады.