Облыс орталығында Күршім ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Аудандағы 12 ауылдық округ шаруалары тауарларын «Доснар» гастрономының алдында саудалады.

Әр демалыс сайын өтіп тұратын жәрмеңкені қала тұрғындары асыға күтеді. Ауданның ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызовтың айтуынша, жәрмеңкеде өнімдер қала базарының нарығындағы тауардан 10-15 пайызға төмен бағада сатылуда. Күршімнің бренді аталатын балық өнімдерін де жұрт талап әкетті.

Жәрмеңкеде қой мен сиыр етінің бір келісінің шекті бағасы 2100 тг, ал жылқы еті 2300 тг-ден аспауы тиіс деп белгіленді. Тіпті бір келі етті 1800, 2000 тг-ге сатып жатқандар да болды. Бұдан бөлек, сүт, ірімшік сияқты ақпен қоса, бал өнімі де молынан әкелінген. 

Тауар өндірушілер мен тұтынушы үшін таптырмас жәрмеңке қос тарапқа да тиімді. Тұрғындар таза, жергілікті тағамдарға қол жеткізсе, кәсіпкерлер өнімін өткізетін алаң табылғанына дән риза.

Қала тұрғындары мұндай жәрмеңкелердің жиі өткізілгені құба-құп дейді.