Өскеменде республикалық ашық есік күні акция аясында медиация күні аталып өтті. Ерекше шарада қаланың белді медиаторларымен кездесу өтіп, тұрғындар мазалап жүрген сауалдарына жауап алды. Келушілерге заңдық тұрғыдан біршама кеңестер айтылды.
Медиация – сот жүйесін жетілдірудің тиімді жолы саналады. Екі тарап арасындағы түрлі даулармен келіспеушілікті сотқа жеткізбей реттеу бұл сала мамандарының негізгі жұмысы. Тұрғындардың саяси сауатты, заң тұрғысынан білімді болуын қалайтын жандардың бірі – Төлетай Таңекенова. Ол бүгінде Ұлан ауданындағы медиация және құқық орталығында қызмет етеді. Айтуынша, кейбір адамдар шағын қаржылық ұйымдарына қарызданып, төлей алмай медиаторлардың көмегіне жүгінеді екен. Ал олар, қарыз алушы мен беруші тарапты бір бітімге келтіріп, екі жаққа да тиімді жолын көрсетеді.
Медиацияның татуластыру рәсімдеріне: татуласу келісімін жасау, медиация тәртібіндегі дауды реттеу, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеп келісімге келу кіреді. Шара барысында азаматтарды толғандырған мәселелерге байланысты кеңес беруден бөлек, онлайн режимде республикалық медиаторлар кеңесі де өтті.
Қазіргі таңда тұрғындар үшін біршама қызмет қолжетімді. Азаматтар үшін достық үйінің сайтында арнайы медиациялық виртуалды кабинет жұмыс істеп тұр. Өткізіліп жатқан шараның да негізгі мақсаты осы – халыққа тегін көмек, дейді шараны ұйымдастырушылар.