Мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсіппен айналысып отырған көпбалалы отбасылардың саны аймақта артып келеді. Солардың бірі - Нұрүстем Дүйсен. Бастапқыда өзі самса сатып, бизнестің қыр-сырына қаныққан ол уақыт өте келе өзінің жеке кәсібін ашқан.

Көп балалы әке "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында мемлекеттік грант алған. Кәсіпкерге мемлекеттің қолдауының арқасында бастамасын жүзеге асыруға қажетті нан пісіретін пеш, қамыр илейтін жабдықтарды сатып алған. Бүгінде аталған жабдықтар арқылы күніне 300-400-дей дана нан, самса пісіреді. Осылайша, жақын маңдағы қала тұрғындары нан өнімдерін іздеп әуреге түспейді. Күн сайын кәсіпкердің өнімін қолжетімді бағада алады.

Мемлекеттік бағдарлама аясында елдің барлық өңірінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлердің қай-қайсысы да мемлекеттік бағдарламалардың тиімді екенін айтады. Ісі алға басқан кәсіп иелері енді оны кеңейтуді көздейтіндігі белгілі. Осылайша Нұрүстем Дүйсен самса, нан сататын дүңгіршегінің жанынан шайхананың құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.

Отбасылық кәсіптің жетістіктері мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта шайханадан бөлек, наубайхана ашсам деген ойының бар екендігін  жеке кәсіпкер жасырмады. Осы тұста халықты жұмыспен қамту орталығының өз кәсібімді ашсам дегендерге қолдау көрсетіп отырғандығын айта кеткен орынды. Өткен жылдың өзінде Өскемен қаласы бойынша 64,17 млн.теңге сомасына 110 грант берілді.

Грантқа қатысушыларға «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алды деген сертификат беріледі. Аталған оқу онлайн түрде business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Өтінім  беру 8 тамыздан 19 тамызға дейін жалғасады.