Оқушының білімді болуы – ұстазға тікелей байланысты. Ал, бұл тұста жас мұғалім үшін тәлімгерлік бағыт пен тәжірибелік қолдау аса маңызды. Осыған орай Өскеменде педагогтерге кәсіби мансабының басында қолдау көрсету секциясы өтті. Шара ағартушылық салаға енді келген маманның біліктілігі мен тәжірибесін шыңдауға бағытталған.

Педагог үздіксіз даму сатысында жүру тиіс. Жиынның негізгі мақсаттарының бірі осы. Оларды кәсіби мансабының бастапқы кезеңінде қолдау секциясы өтті. Шара ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің педагог кадрлармен жұмыс басқармасының басшысы Айман Дүйсембаеваның ZOOM арқылы құттықтауымен басталды.

Қолдау әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне керек. Ата-ана және бүлдіршінмен байланыс орнатып, олармен ары қарай жұмыс істеу, алғашында біршама қиын дүние дейді, қала мектептерінің бірінде кәсіби мансабын бастаған Аружан Әуелбекова.

Соңғы жылдары педагогика саласына көп көңіл бөлінуде. Бұл – болашақ ұрпақтың білімді болуы үшін атқарылып жатқан іс. Білім-ғылымға барынша назар аудару дұрыс бағыт, дейді шараға қатысушылар.

Ұрпақ тәрбиесі аса жауапты іс. Ешкімде бұл қызметке бей-жай қарамау керек. Мәртебелі мамандықтың мәртебесін одан әрі өсіріп, ұстаздардың біліктілігін арттыра беру керек, дейді тәжірибелі әдіскерлер.

Секция барысында қызметін енді бастаған педагогтерді қолдауды күшейту бойынша ұсыныстар талқыланып, арнайы панельдік пікірталас өтті.