Облыс орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері Комитетінің қолдауымен АҚШ Халықаралық даму агенттігінің бастамасымен заң шығару процесінің негіздері бойынша семинар өтті.
Семинарға азаматтық қоғам көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық және қалалық мәслихатының депутаттары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты. Шара барысында қатысушыларға заң шығару процесінің негіздері бойынша ақпараттар ұсынылды. Сонымен қатар, тыңдаушылар мемлекеттің заңнама жүйесімен танысты.
Аталмыш іс-шара бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Ұйымдастырушылар жыл сайын арнайы жобалар дайындап, өңірлерді аралап, халыққа заң нормаларын түсіндіру бойынша жұмыстарды жиі жүргізеді.
Семинар нәтижесінде құқық қолдану практикасы, заң жобаларына сараптама жүргізу рәсімдері мен мәселелері талқыланып, сарапшылардың тәжірибесінен мысалдар қарастырылды. Түрлі жобалардың міндет-мақсаттарына тоқталды. Мәселен, «Құқық үстемдігі» бағдарламасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері Комитетімен заңнаманы әзірлеу және іске асыруға, сондай-ақ азаматтық қоғам ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге, заңгерлердің және мемлекеттік органдардың заңнаманы әзірлеу барысында бір-бірімен өзара әрекеттесуге көмектеседі.
Айта кетейік, семинар қорытындысы бойынша іс-шараға келушілер көкейкесті сұрақтарын қойып, түрлі ұсыныстар қабылданды.