Бүгінгі таңда елімізде синтетикалық есірткіге тәуелді адамдар саны көбейген. Өкініштісі олардың басым бөлігі жастар. Полицейлер сананы улаған есірткінің әсері нашадан аспаса кем түспейтінін айтады. Зияны сол, адамды ақылынан адастырып, күйзеліске ұшыратады. 

Елде синтетикалық есірткіге тәуелді азаматтардың саны кейінгі 5 жылда 14 есе өсті. Сонымен қатар жастардың өзіне қол жұмсауы және қылмыс та артқан. Тәртіп сақшылары қанша күрескенімен жұрттың миын улап, санасын сүліктей соратын химиялық қоспаның таралуын тежей алар емес. Қулығына құрық бойламайтын әккі диллерлер оны жасау және саудалаудың тәсілін күн сайын түрлендіреді. Кәдімгі есірткіге тәуелді нашақордың ағзасын тазартып, оңалту мүмкін болса, синтетикалық есірткіге қарсы күресте медицинаның өзі көп жерде дәрменсіз. Сарапшылар, Қазақстан есiрткi саудасының жол торабына айналғанын айтады. Жыл сайын есiрткiмен күрес шараларына бөлiнетiн қаржы мен күштің көптігіне қарамастан нашақорлар саны өсiп келедi. Бұл кейінге қалдырылмайтын мәселе екенін Мемлекет басшысы да Жолдауда айтқан болатын. Нашақорлықпен күрес, оның алдын алу бағытындағы жұмыстар облыста қарқынды қолға алынуда.
 
Жыл сайын есірткінің кесірінен жер шарында 450 мыңнан астам адам ажал құшады. Дүниежүзілік сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалаған. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ, қазіргі таңда елде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұр. Түсіне білген жанға ұлт денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген зор қатер.