Өскемен мырыш зауыты мерейтойын атап өтті. Металлургтер 75 жыл бойы 13 миллион тоннадан астам мырыш кенін өндіріп, дайындауда сүбелі үлес қосқан. 

Міне, қазақ мырышының тарихы осыдан 75 жыл бұрын дәл осы жерде басталған. 1947 жылы 25-қыркүйекте алғашқы электролиттік мырыш алынды. Бұл өнім өндіріс тарихына елеулі өзгерістер алып келді. Осының арқасында кәсіпорынның бірнеше буын металлургтерін дайындап-шығарған даңқты шежіресі басталды. Қазіргі уақытта дүниежүзінде мырышқа деген сұраныс жоғары және бұл салада үлкен жетістіктерге жету үшін күн талабына сай жаңашылдықтарды үнемі енгізіп отыру қажет. Өз кезегінде «Қазмырыш» кәсіпорны заман ағымынан қалыспай келеді. Цехты тиімді пайдалануға негізделген жобалар өнімділікті екі есеге жуық арттырып, үрдістер толығымен автоматтандырылды. Компания бұған мамандардың біліктілігін көтеріп, оқытып-үйретуге көп көңіл бөлуі арқылы қол жеткізді. 

Металлургтер өздерінің міндеттерін жоғары дәрежеде, «бес» деген бағаға орындайды. Мұнда өз саласының нағыз майталмандары жұмыс істеуде деуге болады. Сондықтан, биылғы мерекеге орай, кәсіпорынға сіңірген зор еңбектері үшін бірқатар қызметкер мақтау қағаздарымен марапатталды. 

Бүгінгі таңда компания көптеген түрлі түсті металл шығарады. Олардың арасында мырыштың алар орны ерекше. Ол әлі күнге дейін зауыттың  айрықша белгісі әрі үлкен жетістіктерге әкелген жолдамасы болып қала бермек.