Абай облысы Жарма ауданындағы «Бақыршық» кен орнында шамамен 300 тонна қымбат металл қоры бар. Бүгінде кәсіпорын құрамында алтын бар 50 тонна концентрат өнімін шығарды. 

Алтынның 50 тонна дайын өнімі – Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны ұжымы үшін зор қуаныш. Бұл жетістікке мамандар өңделетін өнім көлемін арттыру арқылы аз уақыттың ішінде қол жеткізген. Нәтижеге жету үшін фабрикадағы қызметкерлердің кәсібилігі мен жоғары технологиялар да маңызды рөл атқарады. Polymetal компаниясына қарасты Бақыршық тау-кен кәсіпорны Ақмола облысындағы Васильков кен орнынан кейінгі екінші орында. Мұнда жылына 10 тоннадан астам құрамында алтын бар концентрат өндіріледі. 2018 жылы іске қосылғаннан бастап 2022 жылға дейін байыту фабрикасы концентратта 50 тонна алтын шығарды. Polymetal компаниялар тобында ол ең жас және жоғары технологиялық зауыттардың бірі болып есептеледі.

Кен орны алтын өндірудің өте күрделі технологиясымен сипатталатыны белгілі. Кеніштің жарты ғасырлық тарихы бар. Бірақ «Полиметалл» компаниясына дейін қымбат металдың ауқымды өндірісін бұл жерде ешкім іске асыра алмаған. Қазір бұл Қазақстандағы ең өнімді алтын өндіруші карьерлердің бірі. Оның ұзындығы 2720 метр, ені 1145 метрге жетеді. Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында барлығы 1400-ден астам штаттық қызметкер жұмыс істейді, бұдан басқа, кәсіпорын мердігерлік ұйымдардың 1000 қызметкерін жұмыспен қамтамасыз етеді. Бақыршық тау-кен кәсіпорны білім беруді, денсаулық сақтауды дамытуды қолдай отырып, жақын маңдағы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарта отырып, әлеуметтік салаға да қомақты қаражат салуда. 2014 жылдан бастап Polymetal Шығыс Қазақстан облысы мен Жарма ауданының әлеуметтік саласын дамытуға 12 млрд теңгеден астам инвестиция салды.