Биыл Өскеменде тұмаумен ауырғандар саны артқан. Өткен жылмен салыстырғанда дерткке шалдығу көрсеткіші балалар арасында да өршіп тұр. Дегенмен, аталған дерт салдарынан көз жұмғандар тіркелген жоқ. Бұл туралы Өскемен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Арай Айдарқызы мәлімдеді.
Дәрігерлер биыл аймақта тұмауға шалдығу көрсеткіші анағұрлым артқанын айтады. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Ал ақ халаттылар тұмауды жұқтырғандар санының қалада артуына қарапайым сақтық шараларының сақталмауы себеп, дейді. Сондықтан медицина қызметкерлері азаматтарды өздерінің және жақындарының қауіпсіздігіне алаңдаса «ауырып ем іздемей, ауырмаудың жолын» ойлауға шақырады.
Тұмаудан сақтанудың тиімді жолы – екпе алу. Жұқпалы дертке қарсы вакцинация жұмыстары қазан-қараша айларында жүргізіледі. Қазіргі таңда аймақтағы денсаулық сақтау мекемелері қажетті дәрі-дәрмекпен, шұғыл көмек көрсетуге арналған құралдармен толық қамтылған. Екпе 60 жастан асқандарға, созылмалы аурулары бар науқастарға, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға, медициналық мекемелердің, автокөлік, қызмет көрсету салаларының қызметкерлеріне салынады.
Жергілікті бюджеттен биыл тұмауға қарсы 41 500дана «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Вакцинаның құрамында тұмау вирусының А және В түрлерінің тазартылған антигендері бар. Медицина мекемелеріне тұмауға қарсы вакцина «тәуекел топқа» жататын азаматтарды егу үшін таратылады. Ал бұл санатқа жатпайтындар өздері тіркелген амбулаториялық орталықта ақылы түрде тұмауға қарсы екпе ала алады.