Елімізде жарияланған төтенше жағдайға қарамастан, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына дайындық жұмыстары басталып кетті. Қаламыздағы ақын музейімен қатар, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі де толығымен жаңартылуда. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, ақынның мұражайында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары басталып кетті. Әсіресе, бас ғимаратта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұндағы жаңарту жұмыстарымен семейлік компания айналысуда. Төтенше жағдайға байланысты, музей қызметкерлері барлық талапты сақтай отырып, жұмыс істеуде. Яғни, қарым-қатынасты шектеу мақсатында олар жұмысқа қызметтік көлікпен жеткізіледі. Кейбіреулері берілген тапсырмаларды үйден атқарып отыр. Тұрдықұл Шаңбайдың айтуынша, музейде бұрыннан тұрған жәдігерлер алынып тасталмақ. Себебі, мұндағы экспозицияның барлығы жаңарады. Онымен алматылық фирма айналыспақ. Мерейтой аясында Ахмет Риза медресесі, Алаш арыстары музейі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтың мұражайын ғылыми тұрғыда айта жаңғырту көзделген. Бұған қоса, Жидебай қорығындағы «Абай-Шәкәрім» кесенесінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Мұнда абаттандыру, көгалдандыру жүргізіліп, жолдың екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы жасалады. «Қазқайтажаңарту» мекемесі Абайдың музей үйі, Шәкірімнің саят қорасы, Ұлжан мен Зеренің зираты қалыпқа келтірілмек. Сондай-ақ, Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің зираты да жаңа келбетке ие болады.