Тәуелсіз Қазақстан тарихында президент сайлауы осымен жетінші рет өтті. Сайлауға түскен 6 кандидаттың ішінде ең көп дауысты қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жинады. Сонымен бірге сайлаушыларға осы жолы «Бәріне қарсымын» деген тармақты таңдау мүмкіндігі берілді. Ел ертеңіне ықпал ететін, маңызды саяси науқанға өңір тұрғындары да белсене қатысты. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған ақпарат бойынша, аймақ тұрғындарының 79,49%-ы биылғы президент сайлауына барып, дауыс берді.
Сайлау қорытындысы бойынша, республика көлемінде 11 950 485 адам дауыс беру құқығына ие болды. Оның 8 мл-нан астамы немесе 69,44%-ті  өз таңдауын жасады. Қазақстандықтар мемлекет басшысын алты үміткердің арасынан таңдап алды. Сайлауға түскен кандидаттардың ішінде қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 85,45% дауыс жинап, жеңіске жетті. Саяси науқанды 10 халықаралық ұйым мен 35 мемлекеттен келген 641 байқаушы бақылады. Саяси партиялардан 15,5 мың, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан астам байқаушы заң талаптарының сақталуын қадағалады.
Сайлау күні  облыс аумағында 537, ал Өскеменде 122 сайлау учаскесі дауыс берушілерге есігін айқара ашты. Өз таңдауын жасағандардың қатарында жастар, көпбалалы ата-аналар, зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер бар. Руслан Исраиловта маңызды шарадан шет қалмады.
Кезектен тыс Президент сайлауына қатысқан 500 000-нан астам облыс тұрғыны мызғымас бірліктің үздік үлгісін көрсетіп, өз таңдауларын жасады. Көпшілік тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, жаңа қарқынмен алға басамыз деген сенімде екендіктерін жеткізді.