Өңірде табиғат тосын мінез танытып, күн суытып, қар жауды. Осыған байланысты қала ішіндегі және маңындағы елдімекен жолдарын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Өскемендегі коммуналдық қызмет мамандары екі ауысымдық жұмысқа кіріскен. Жауапты мекеме өкілдері бүгінде қаланың шет аумақтарындағы көшелерді қалыпқа келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын баяндады.
Қаладағы коммуналдық қызмет мамандарының жұмысы қазір қызып тұр. Жолдарды қардан тазалау тек қала ішінде ғана емес, шет аумақтарда да жүргізілуде.
Асхат Тәженовтың сөзінше, қалың, тығыз әрі жабысқақ қардың түсуі жұмысты біршама қиындатқан. Дегенмен, 100 бірлікке жуық техника және 150-дей адамнан тұратын қар тазалауға жауапты мекеме қызметкерлері, қосалқы мердігерлік ұйымдар тәулік бойы жұмыс істеп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Қала маңындағы елдімекендерде жолдарды қардан тазалау жұмыстары әлі де жалғасуда. Мамандар түнгі кезекшілікке шығып, диспетчерлік қызмет 24 сағат бойы тоқтаусыз қызмет етуде.