14 қаңтарда Қазақстанда Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Парламент Сенатындағы 20 орынға 55 кандидат ұсынылған. Республика бойынша сайлаушылар тізіміне 3167 мәслихат депутаты енгізілді.
Еске салайық, «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын 2023 жылдың 14 қаңтарында өткізу туралы» Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 26 қарашасында қол қойған болатын. Бұл сайлау жанама болып табылады, өйткені таңдау құзіреті мәслихат депутаттарына берілген. Атап өтелік, Шығыс Қазақстан облысында түрлі деңгейдегі мәслихаттардың 146 депутаты бар.
Сайлауға кандидаттардың сенімді өкілдері, байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Дауыс беру пункті барлық заң талаптарына сәйкес ашылды.
Шығыс Қазақстан облысынан Сенат депутаттығына үш үміткер тіркеліп, сайлау бюллетеніне енгізілді. Олар: Ержан Жаңабайұлы Әшімов, Шәкәрім Сабырұлы Бұқтұғұтов және Александр Александрович Светаш. Саяси науқан барысында алғы сөз айтылып, мемлекеттік әнұран орындалды. Ереже жарияланып болған соң, мәслихат депутаттары дауыс беруге кірісті. Оның нәтижесі көп ұзамай белгілі болды. Дауыс беруге қатысқандардың саны – 122. Ең көп дауысты Шәкәрім Бұқтұғұтов жинады. Оған 104 сайлаушы дауыс берді.
Ержан Әшімовке 8 адам, Александр Светашты 7 депутат Сенатқа лайық деп таныған. Ал «Барлығына қарсымын» деп екі депутат дауыс берген, бір бюллетень жарамсыз деп танылды.