Сондай-ақ бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов Риддердегі 508 бала тәлім алып жүрген  «Шаңырақ» мектеп-гимназиясында болып қайтты. Бұған дейін әлеуметтік желіде спорт залы орналасқан қосымша ғимараттың фотосуреттері резонанс тудырған болатын. Ал, анығына келсек, бұл ғимарат оқу процесінде қолданылмайды.
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен ғимаратқа оқушылар кіре алмайды дейді, қызметкерлер. Жақын арада оны толықтай бұзып, абаттандыру бойынша қажетті шаралар қабылданады. Ал "Шаңырақ" мектебінің өзге екі ғимараты оқу процессін жүргізуге кедергі келтірмейді. Кабинеттер жылы, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл спорт залындағы терезелерді ауыстыруға және оқу процесіне қажетті IT техниканы сатып алуға 60 миллион теңге бөлінеді.

Алдағы уақытта мектептің қасбетін жөндеу жұмыстары қолға алынады. Аймақ басшысы балалармен, ата-аналармен және мұғалімдермен де кездесті. Жиналған көпшілік жиын барысында  ешқандай мәселе жоқ екендігін айтты.
Айта кетейік, оқу процессінде пайдаланылмайтын қосымша ғимараттың бұзылатыны туралы мектеп әкімшілігі оқу жылының басында хабардар еткен. Әрі  өткен жылдың қыркүйегінде Риддерде мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытатын 600 орындық жаңа мектеп ашылған.  Биыл Риддерде тағы бір мектептің құрылысы басталады.