АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм шығысқа келді. АҚШ елшісі облыс орталығындағы ЖОО бірінде «Медиация» және «Медиахаб» аудиторияларының ашылу салтанатына қатысты.
Дэниел Розенблюм 2022 жылғы 28 қазанда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ретінде қызметіне кірісті. Ол соңғы үш жылда Өзбекстандағы Америка елшілігін басқарған. Дипломат бірқатар маңызды мәселелермен танысу үшін Өскеменге келді. Облыс орталығына экскурсия жасап өлкеміздің тарихы туралы мағлұмат алды. Сондай-ақ, АИТВ-инфекциясының алдын алу және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмысымыздың нәтижелеріне қызығушылық танытты. АҚШ елшісі Өскемендегі ЖОО бірінде жаңа аудиториялардың ашылу салтанатына қатысты.
Қазақстандағы АҚШ елшілігінің гранттары есебінен қаржыландырылған жобалар аясында ашылған оқу кабинеттерінің бірі –  «Медиация» кабинеті.  Университет ұжымы жаңа оқу орталығы болашақ ұрпақты татулық пен сыйластыққа үйретініне сенімді.
Ашылған тағы бір кабинет Mediahub деп аталады. Бұл ағылшын тілін үйренуге және журналистердің медиасауаттылығын арттыруға бағытталған жоба. Сондай-ақ, Дэниел Розенблюм мекеме директорымен кездесіп, мәжіліс залында оқытушылар мен студенттер алдында сөз сөйледі. Ол АҚШ Елшілігі мен университет арасындағы ынтымақтастықтың жемісті екенін атап өтті. Алдағы күндері дипломат Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кесдесуді жоспарлап отыр.