Биыл өңірде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытумен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бірнеше мектептің құрылысы басталады. Осыған байланысты Даниал Ахметов жауапты ведомство басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жаңа міндеттер жүктеді.
Алқалы жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытумен толық қамтылуы тиіс екеніне тоқталды. Бұл мәселе әсіресе Өскемен қаласында өзекті. Сондықтан қала басшылығына осы бағытта Қаулылар шығарып, балабақшалардың нақты саны бойынша есеп беру жүктелді. Сонымен қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру аясында білім берудегі сапаны жақсартудың  көрсеткіштері туралы сөз болды.
Мұнымен қоса облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына Риддер қаласына баратын жолды екі есе қысқартуға мүмкіндік беретін Өскемен-Тарханка-Топиха-Черемшанка бағытындағы автожол құрылысы бойынша дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.