Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың хирургтары елімізде алғашқылардың бірі болып инсультті алдын алу үшін жасанды интеллект бағдарламасын қолданып жатыр. Жұмыс істеп жатқанына бір жыл ғана болған инновациялық медицина орталығының дәрігерлері мыңнан астам адамды қауіпті дерттен аман алып қалған.
Мидағы қан айналымының бұзылуы жасушалардың өлуіне немесе тамырлардың жарылуына әкеп соғады. Бұл медицина тілінде инсульт деп аталады. Деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын мыңдаған науқас аталған дерттен көз жұматын көрінеді. Ал он мыңнан астам адам мүгедек санатына қосылады екен. Ал, Cerebra - бұл бір жарым минут ішінде инсульт белгілерін анықтауға, өлім қаупін азайтуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйесі.
Жасанды интеллекттің міндеті - алғашқы 6 сағатта автоматты режимде инсульт белгілерін анықтау.
КТ және МРТ аппараттары инсульттің алғашқы белгілерін анықтай алмайды. Ал, осы тұста жасанды интеллект бағдарламасының тиімділігін  бірден білуге болады.
Арнайы жүйеге науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындылары енгізілсе, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше уақыт ішінде сараптап, айтып береді.