Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада республикалық әдеби конкурстардың жеңімпазы, журналист Оразай Жеңісұлымен «Қара өлең – жүйрігімсің, жалың майда» атты кездесу өтті. Шара кітапхананың «Әдеби hub» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Оразай Жеңісұлы 1998 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген. Халқаралық және республикалық жыр-бәйгелерінің жүлдегері. «Алтын тобылғы» әдеби бәйгесінің поэзия аталымында жеңімпаз атанған. Оның өлеңдері «Ертіс толқыны» жинағы мен түрлі басылымдарда жарияланған. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, жас ақындар, шығармашылыққа қызығушылығы бар жандар қатысты.
Кездесу барысында Оразай Жеңісұлының жан тебірентер өлеңдері оқылды. Жастар автормен сырлы сұхбат құрды. Ақынның балалық және студенттік шағы әңгіме етілді. Сондай-ақ, кеш қонағымен қызықты ойындар ойнатылды.
Кешке ақынның ұстаздары да келді. Жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі.
Кештің мақсаты – кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу. Ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту.