Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында заң талаптары қатаң сақталуы тиіс. Үлескерлерді қабылдаған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді. Жиында сатып алушылармен брондау шарттарын жасасатын құрылыс компаниялары туралы мәселе тағы да көтерілді. Өңір басшысы бірқатар мекеме басшыларына ескерту жасап, тіпті орындарынан босатуы да мүмкін екенін айтты.

Мәселен, "Дейнека" компаниясы тоғыз қабатты үй салуға рұқсат алып, өздері алты қабатты үй салуға шешім қабылдаған.  Бұл Өскемен қаласындағы құрылыс нысандарының бас жоспарын бұзу болып саналады. Компания өкілдерінің айтуынша, олар құрылысқа 800 миллион теңге қаражат салған, алайда қала әкімдігі 250 миллионнан аспайтын қаражат жұмсалғаны туралы деректер берген.

Сондай-ақ, компания клиенттер қаражатының бір бөлігін қайтарып бердік деп сендіреді. Қалалық әкімдік пен прокуратура қанша брондау шарты жасалғанын және қайтарылған қаражат мөлшерін тексерумен айналыспақ.

Қадағалау органы жобадағы бірқатар бұзушылықтарды анықтап үлгерді. Алдағы уақытта қадағалау органы, қала әкімдігі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай шарттар жасалған, бірақ аяқталмаған барлық объектілерді тексеретін болады.