Аймақта «Дарын» лагерінің базасында жас жол инспекторларының XX республикалық жиыны өтіп жатыр. Ғазиз Байтасовтың есімімен аталған бұл мерейтойлық шараға еліміздің барлық өңірлерінен 11-14 жас аралығындағы 200-ге жуық оқушы жиналды. Бұдан бөлек, шараға алыс-жақын шетелдерден келген командалар да қатысуда.
Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген үздік командалар қатысуда. Олар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты білімдері мен тәжірибелерін көрсетеді. Алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, жас инспектор ретінде жол қозғалысын басқаруға дейінгі түрлі тапсырмаларды орындайды.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жол қауіпсіздігі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Балалардың арасында көбіне 5-8 сынып оқушылары жол-көлік оқиғасына ұшырап жатады. Не себеп? Себебі, осы жастағы балалардың қимыл-қозғалыстары өте ширақ болады. Сол үшін қауіпсіздікті түсініп, біле бермейді ғой. Сол үшін біз осындай шараларды көптеп өткіземіз. Бұл бір ғана бөлігі. Бірақ, осы бір бөлшектің өзінің балаға берері көп. Себебі, бала көзбен көріп, қолмен ұстағанда ғана оның есінде қалады.
Бұл шара – тек оқу-жаттығу жиыны емес. Ұйымдастырушылар балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасаған. Бағдарлама аясында спорттық ойындар, тимбилдинг, кешкі серуен мен экскурсиялар қарастырылған. Мұның барлығы балалардың көңілін аулап, қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Гаухар Рахимжанова, «Дарын» орталығының директоры:
Бұл жиын тек білім мен жарыс алаңы ғана емес, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін үлкен орта. Жас инспекторлар үшін арнайы дайындалған бағдарламаға қоса, біз күн сайын танымдық, спорттық және шығармашылық шаралар ұйымдастырып отырмыз. Лагерьіміздің инфрақұрылымы да осының бәріне толықтай бейімделген.
«Ғазиз Байтасов атындағы республикалық жас жол инспекторлары» жиынының жеңімпаз командасы қазан айында Ресейдің Анапа қаласында өтетін халықаралық жиынға барады.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ