Шомылу маусымы қызған шақта аймақ құтқарушылары су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Қазір өңірдегі жағажайларда күн сайын патруль жүргізіліп, демалушыларға судағы тәртіпті сақтау ескертілуде.

Шомылу маусымы басталғалы бері облыстық ТЖД қызметкерлері ҚР ТЖМ екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері және еріктілермен бірлесіп жағажайлар мен су жағалауларын тұрақты түрде аралап жүр. Су айдындарын бақылау үшін дрон жүйесі қолданылуда. Ерекше назар рұқсат етілмеген шомылу орындарына аударылып отыр. Себебі статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі дәл осындай жерлерде тіркеледі. Арнайы орнатылған ескерту тақтайшалары мен тыйым салушы белгілерге қарамастан, кейбір азаматтар қауіпсіздік шараларын елемей, тексерілмеген су айдындарына шомылады. Мұндай заңбұзушылықтармен құтқарушылар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жауапты маман өкілдері жабдықталмаған су қоймаларының қауіптілігін, тіпті тәжірибелі жүзушілердің өзі қарапайым ережелерді елемесе, қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсіндіреді. Осындай кезекті бір рейд жұмыстары Ұлан ауданы аумағындағы Шалқар көлінің жағалауында өткізілді.

Әділбек Бидахметов, Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

Ұлан ауданы, Сібе көлінің аумағында ШҚО ТЖД, Орталық медициналық құтқарушылары осы Сібе көлінде демалып жатқан демалушыларға алғашқы көмек көрсету, суға батқан адамды құтқару бойынша негізгі іс-шаралар жүргізді. Рейдтің негізгі мақсаты – адамдарға түсіндіру жұмыстары. Суға түсу маусымы басталғалы облыс көлемінде төрт адам суға батты.

Жағажайларда құтқарушылар мен дәрігерлер демалушыларға арналған шеберлік сабақтарын да өткізуде. Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін пайдалы.

Мадина Болатқызы, «Шалқар» жағажайының басшысы:

Туристер легі күннен-күнге артып жатыр. Әр апта сайын жұма, сенбі, жексенбі күндері демалушылар саны едәуір көбейеді. Құтқару жұмыстары бағытында да тұрақты түрде әрекет етіп келеміз. Бұл аумақта жел жиі соғып, дауыл тұратын кездер болады. Біз шамамен осындай жағдайға тап болдған 15 адамды құтқарып үлгердік. Қауіпсіздік бойынша талаптарға сәйкес, жағажай аумағында екі құтқарушы жұмыс істейді. Құтқару қайығы тек шұғыл жағдай кезінде суға жіберіледі. Су бетінде арнайы қалқымалар орнатылған, ал құтқарушылар арнайы киіммен жабдықталған. Жағажай аумағында фельдшер де бар.

Құтқарушылар демалушыларды тек арнайы жағажайларда шомылуға және төтенше жағдай кезінде бірден 112 нөміріне қоңырау шалуға шақырады. Сақтық – саулық негізі.


Талант Тұрсынов