Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» ақын мұрасы бүгінде жаңа қырынан танылып, кең тыныс алып келеді. Ұлтына бағыт, болашаққа бағдар берген хакімнің рухын ұлықтау – бір күннің шаруасы емес. Осы мақсатта еліміздің әр өңірінде түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Соның бірі - облыс орталығындағы этнографиялық музей-қорығында орналасқан Абайдың Жидебайдағы үйінің сәулеттік көшірмесі.
Жидебай – Абайдың балалық шағы өткен, парасат биігіне көтерілген қасиетті жер. Семейден 180 шақырым қашықта орналасқан мекен оның ата қонысы. Ал бұл жердегі шаңырақты ол өзі жобалап, үлкен сәулеттік мән беріп салдырған. Үй алғаш рет 1945 жылы әдеби-мемориалдық музейге айналды. Ал 2020 жылы хакімнің 175 жылдық мерейтойына орай, оның дәлме-дәл көшірмесі облыс орталығындағы этнографиялық музей-қорығында ашылды. Мақсат – ұлы ақынның өмірі мен мұрасына өңір тұрғындарын, жастарды жақындату, рухани сабақтастықты сақтау.
Гүлнәр Бекбердинова, қазақ этнографиясы ғылыми- зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері:
Бұл үйде бес бөлме, екі дәліз бар. Жидебайдағы үйде бұл негізінде Абайдың өзінің мемориалдық бұйымдары болса оны өзінің туысқандары және достар, дос-жарандары арқылы жиналып құралса, ал біздің осы Абайдың үйі олда сол Абайдың заманындағы жәдігерлерді сипаттайды, көрсетеді.
Үйдің ішкі келбеті – Абай дәуірінің шынайы көрінісі. Жазу үстелі, қауырсын қалам, сиясауыт – рухани көсем шығармашылық әлемнен хабар береді. Кітап сөрелерінде шығыс, орыс, еуропа әдебиетінің жауһарлары бар.
Ержан Мұса, қала тұрғыны:
Абайдың енді, қазақ тарихындағы орны бөлек қой. Абай қай уақытта да бізге өзіміздің замандасымыз сияқты. Қазір кез келген уақытта бір тығырықтан жол таба алмай немесе басқа кез келген жағдай болса Абайды оқысақ, Абайдың қарасөздерінде болсын, өлеңдерінде болсын бәрі жасау дайын тұр. Демалыс болғаннан кейін немерелерімді ертіп музей, мұражайының көшірмесі ретінде осы жерді балаларға көрсетейін деп келгенмін.
Ол Михаэлис, Лобановский сынды орыс зиялылары арқылы әлемдік әдебиетке бет бұрған, Пушкин мен Лермонтовты қазақ тіліне аударып, ой көкжиегін кеңейткен. Абайдың дойбы мен тоғызқұмалаққа деген қызығушылығы, ұлдары – Ақылбай, Мағауия, Әбдірахманға берген тәрбиесі – бәрі осы үйдің әр бұрышында көрініс тапқан.
Музейдегі барлық заттар, сәйкестендірілген көшірмелер – Абай заманының куәсі. Ал бұл үй – тек еске алу емес, ел болмысын терең танып, санамызды жаңғырту сәті. Облыс орталығындағы Абай үйі – Абай әлеміне енуге мүмкіндік беретін тірі тарих.
Талант Тұрсынов