Семсерлесуден Грузия астанасы Тбилисиде өткен Әлем чемпионатында тарихи қола жүлдені жеңіп алған Ұлттық құрама мүшелері елге оралды. Арасында еліміздің намысын қорғаған жерлесіміз Руслан Курбановта бар. Спортшыны жақындары мен достары Өскемен әуежайынан қарсы алды. Айта кетейік, Әлем чемпионатында құрама сапында Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов пен Кирилл Проходов бақ сынады. Қазақстан құрамасы Ширек финалда – 2023 жылғы әлем чемпионы болған Италия құрамасын жеңді. Ал үшінші орын үшін таласта Олимпиаданың 9 дүркін, Әлем біріншілігінің 2 дүркін чемпионы Франция командасын айқын басымдықпен тізе бүктірді. Ал, келесі әлем чемпионаты 2026 жылы Гонконгта өтеді.
Руслан Курбанов, семсерлесуден Әлем чемпионатының қола жүлдегері:
Қола медаль үшін біз Франция құрамасымен кездесіп, жүздесуді жеңіспен аяқтадық. Бастапқы кезеңнен-ақ жақсы қарқынмен бастап, айқын басымдық орнаттық. Қазақстан тарихында алғаш рет командалық есепте әлем чемпионатының жүлдесін иелендік. Бұл - еліміздің семсерлесу тарихындағы екінші әлемдік медаль. Біріншісі 2023 жылы Миланда мен жеңіп алған жеке жүлде болатын. Әрине, мақсатымыз - алтын болған, бірақ бұл нәтижені де жоғары бағалаймыз. Алда бұдан да биік белестерді бағындырамыз деп сенемін.
Кәусар Идаятқызы