Қазақ робототехникасы күннен-күнге қарқын алып, дамып келеді. Әсіресе мектеп оқушыларының бұл салаға деген қызығушылығы жоғары. Мәселен, небәрі 2 сыныпта оқитын Альрами Асылбек робот құрастырып, компьютер мен гаджеттерде түрлі ойындарды жасап шығарған.    
8 жастағы Альрами Асылбек мобильді ойын қосымшасын жасап шыққан.
2-сынып оқушысы компютердің тілін жетік меңгерген.  Бұған дейін роботтар мен дрондарды жасау мүмкін емес деп ойлап келген жас өнертапқыш «қазір мен үшін қол жетпейтін нәрсе жоқ. Бастысы ынта-жігеріңді салсаң болғаны», - дейді. Қазір   ол түрлі жобаны қолға алған. Әр деңгейдегі жарыстардан да жүлделі болып жүр.   

Альрами Асылбек секілді алғыр, білімді өреннің бірі -  Дәулет Бейсенов. Талапты оқушы жас техниктер станциясы үйірмесіне 4 жыл бұрын келген. Осы уақыт аралығында талай жетістікке жеткен. Ол қазір  қалалық жарысқа дайындалып жатыр.  

4 топтан құралған 60 шәкіртке ұстаз Мағжан Шәкенов бар білгенін үйретеді. Әр оқушысынан үлкен үміт күтеді. Елімізде кенже қалған бұл сала осы қарқынмен дамитын болса, әлі-ақ шетелдік жас ғалымдармен үзеңгі қағыстырамыз, - дейді ол.

Балалардың гаджет, планшетке әуестігінің бір пайдасы - техникаға жақын болып, жаңалық ашуға талпынады. Сол арқылы олар энергиясын пайдалы іске жұмсайды. Жаңа өнертабыстарын қоғам игілігіне жұмсауды көздейтін шәкірттердің қатары уақыт өткен сайын толығып келеді.