Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген ауылдық аумақтарды дамытудың 203-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде өңірлер қолдау табады. Бұл туралы шығысқазақстанға келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Қазіргі уақытта министрлік тарапынан елдегі ауылдық жерлерді дамыту бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, ондағы халықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілуде.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Зайсан ауданына барып, Үйдене су қоймасындағы жағдаймен егжей-тегжейлі танысты. Мұнда шаруашылық мақсаттағы арналарды қайта құрып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 75 миллион теңге қаражат қажет. Бұл суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға және ауданда өсірілетін дақылдардың, атап айтқанда сояның көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Әлібек Қуантыров өз тарапынан министрлік проблеманы шешуге қосылатынын және жобаны қаржыландыруға жәрдем көрсететінін атап өтті.
Министрдің аймақтағы сапары Риддер қаласында жалғасты. Әлібек Қуантыров мұнда салынып жатқан көпсалалы аурухана кешеніне барды. Ескі аурухана ғимараты 1939 жылы бой көтерген. Қазіргі заманғы талаптарға сай емес. Бастаманы іске асыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен қаржыландыру қажет. Әлібек Қуантыров бұл мәселе егжей-тегжейлі пысықтауды қажет ететінін атап өтті. Мәселені шешу үшін Қаржы министрлігі риддерліктер үшін маңызды жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылып, ұсыныстар әзірленетінін атап өтті.
Министр Глубокое ауданы Бобровка ауылына да ат басын бұрды. Тұрғындармен кездесті. Жергілікті азаматтар мұндағы түйіні тарқалмаған түйіткілді сұрақтарды көтерді.
Министр тұрғындар тарапынан көтерілген әр сұраққа жауап берді.
Бұдан кейін министр шығысқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті. Жиында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды. Жергілікті кәсіпкерлер салықтық әкімшілендіру, қосылған құн салығы, бизнесті несиелеу, виртуалды қойманың жұмыс механизмі, сондай-ақ контрагенттермен жұмыс істеу мәселелерін көтерді.
Әлібек Қуантыров салық саясатын жетілдіру және ШОБ-ты мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол барлық ұсыныстар Қаржы министрлігімен бірлесіп мұқият зерттелетініне сендірді. Сондай-ақ министр кәсіпкерлерді жаңа Салық кодексін талқылауға белсенді қатысуға шақырды.