Статистикалық мәліметке сүйенсек, әлем бойынша жылына 10,6 млн адам туберкулез ауруына шалдығады. Ал, 1,6 млн науқас көз жұмады. Облыста былтыр 100 мың тұрғынға шаққанда, аурушаңдық 12,8%-ға кеміген. Алайда, Шемонаиха, Глубокое, Ұлан аудандарында және Өскемен қаласында қауіпті індеттің өршуі байқалады.
Туберкулез ауруы маңызы жағынан әлеуметтік және медициналық мәселе ретінде тіркелгендіктен, алдын алу және емдеу ісінде кідіріс жоқ. Дәрігерлер білімі мен біліктілігі арттырылып, бүгінгі талаптарға сәйкес дәрежеде қызмет етуде.
Мамандар аймақтағы туберкулезбен ауырғандар санын азайту үшін адамдар қарапайым алдын-алу ережелерін ескерген жөн екендігін айтады. Мәселен, жылына бір рет флюрографиялық тексеруден өтіп, жөтел мен әлсіздік пайда болған кезде өздігінен ем қабылдаумен айналыспай, бірден дәрігерге жүгінген абзал. Себебі, қауіпті кеселді неғұрлым ерте кезден анықтаса, оны емдеу де соғұрлым жеңіл болмақ.
Сәби дүниеге келген соң 2-4 тәуліктің ішінде БЦЖ вакцинасымен егіледі. Кейін 6 жасында ревакцинацияланады. Созылмалы сырқатқа шалдыққан адаммен бірге тұратын отбасы мүшелері екпеден басқа дәрігер тағайындаған препараттармен химиялық алдын алу курсынан өтеді. Барлық балаға жылына бір рет туберкулинді сынап, ал науқаспен қарым-қатынаста болғандар әрбір 3-6 ай сайын егіледі.
Науқастардың ішінде әсіресе жаппай бактерия бөлетін өкпе туберкулезімен ауыратындар қоршаған ортаға айтарлықтай қауіп төндіреді. Олар күніне бір миллиардтан астам немесе одан да көп микробактерияны қақырық арқылы бөліп, оннан астам адамға жұқтыруы мүмкін. Талайға қатер төндірген дерттен әлі де болса толықтай құтылу мүмкін болмай тұр. Дегенмен, өзін-өзі күту арқылы аурудың алдын алуға болады.