Бүгін елдің қоғамдық саяси өмірінде маңызды һәм тарихи оқиға. Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау басталды. Облыс бойынша 533 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Оның ішінде Өскеменде 122 сайлау учаскесі сайлаушыларға есігін айқара ашты. №95 сайлау учаскесінде дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс беретін азаматтарға да түрлі жағдайлар қарастырылған.

Сайлау учаскесінің төрағасы Гүлфарида Ауғанбаеваның айтуынша, №95 сайлау учаскесінде жалпы саны екі мыңнан астам сайлаушы бар. Алғашқылары дауыс беру учаскесі ашылған сәттен келе бастаған. Сайлаушылардың көңіл-күйін көтеру үшін әуезді ән қосылып, таңмен таласа дауыс беруге келгендердің алғашқыларына учаске тарапынан сый сияпат та көрсетіліп жатыр.

Ал байқаушылар жағы сайлау учаскесінде әзірге заң бұзушылық тіркелмеді, дейді.

Сайлау учаскесі төрағасының айтуынша, мұнда тіркелген тұрғындар өте белсенді. Сондықтан бұл жерде бұрынғыдай үш емес, бес кабинка дайындалған. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналып қосымша 2 кабинка жабдықталған. Айта кету керек, облыста 500 мыңға жуық сайлаушы тіркеліпті. Олар үшін 533 сайлау учаскесі құрылған.