Аймақтағы сайлау учаскелері ашылғаннан бастап еліміздің өркендеп-дамуы жолына атсалысып, дауыс беруге асыққан халықтың қарасы қалың. Жас та, кәрі де саяси науқанға белсене қатысуда. Солардың бірі Арматур зауыты шағынауданында орналасқан  №47 сайлау учаскесіне барып, өз дауыстарын берген - өскемендік көпұлтты, әрі көпбалалы – Масалимовтар отбасы.
Бес бала тәрбиелеп отырған Ержан мен Анастасия Масалимовтар қоғамдық-мәдени өмірге белсене араласады. Ерлі-зайыптылар ел ертеңіне ықпал ететін бүгінгі саяси науқаннан да шет қалмай, өздерінің азаматтық борыштарын өтеді.
Сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге учаскелік сайлау комиссиясы жауапты. Сондықтан комиссия мүшелерінің әрқайсысы өз міндеттерін орындауға мұқият кіріскен. №47 сайлау учаскесі төрағасының сөзінше, дауыс берушілер сайлауға сенім артып, береке-бірлікпен қатысуда.
Сайлауда әркімнің дауысы ерекше маңызға ие. Себебі, болашақ бүгінгі таңдаумен айқындалады.
Мәжіліс пен маслихаттар сайлауы – еліміздегі мемлекеттік билік институттарын жаңғыртудың қорытынды кезеңі. Әрбір қазақстандық өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беру арқылы бір ел, бір халық болып, әділетті Қазақстан құруға атсалысуда.