Көпшілік үшін саяси науқан мереке. Арасында бір-бірін мерекеңмен деп құттықтап жатқандар да бар. Сайлау учаскелерінде ерекше көңіл-күйдің лебі еседі. Ал дауыс беру орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалған?
Бірінші топта мүгедектігі бар Екатерина Федоренко өз дауысын учаскеге келіп берді. Ерекше қажеттілігі бар жанның сайлау учаскесіне баруы мен кері қайтуы үшін арнайы инватакси  қарастырылған. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үйден де дауыс бере алады. Алайда, мен келіп дауыс беруді жөн көрдім. Себебі, сайлаудағы әрбір дауыстың келешек үшін маңызы зор» , - дейді қала тұрғыны.

Ал ерлі-зайыпты Михаил және Наталья Будчановтар есту қабілетінде ақауы бар жандар. Олар да азаматтық міндетін орындау үшін сайлау учаскесіне келуге шешім қабылдаған. Осыған дейінгі саяси науқандардың бірінен қалған емес. Белсенді жұптың өз таңдауын жасауға сурдоаудармашылар көмек берді.  

Сайлау учаскелерінде азаматтарға қолайлы, жан-жақты жағдай жасалған. Дауыс беретін орындар барлық талаптарға сай жабдықталған. Дауыс жәшіктері, учаскенің нөмірі жазылған, белгілер ілінген.

Дауыс беруге келген ерекше азаматтар ешқандай қиындыққа тап болмайды. Олардың сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасауына кедергі жоқ. Сондай-ақ сайлаушылардың барлығына дәмді бауырсақ пен ыстық шай таратылып, ерекше әсер қалдыруда.